Абай облысының әкімі орталық саябақты бизнеске беруді ұсынды

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев орталық саябақта болды. Облыс басшысының айтуынша, орталық саябақты гүлдендірумен кәсіпкерлер айналысулары керек, деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.

«Егер бұл жерде бизнес болса, онда бұл жер түрленіп кетуші еді. Елордада және Алматыда скверлер мен саябақтар бизнеске берілді. Осындай саябақтарды күту – бюджетке жүктеме екенін түсіну керек. Егер бизнес келсе, онда ол өзімен бірге барлығын алып келеді, электр энергиясын, қыста қарды тазалауды, барлығын алып келеді. Бизнес адамдарды тарту үшін және табыс табу үшін барлығын жасайды. Мемлекет, шын мәнінде, менің тәжірибем бойынша осындай жұмыстарды ұйымдастыра алмайды. Олардың басқа да жұмыстары көп», — деді Нұрлан Ұранхаев.

БАҚ өкілдерінің «егер саябақ бизнеске беріліп, кіру ақылы болған жағдайда қалай болады» деген сұрақтарына, әкім «кіру тегін» болады деген жауап берді.

«Саябаққа ақылы болуы мүмкін емес. Ол үшін уайымдамаңыздар. Бұл біздің қалалық саябағымыз, тек оны басқалар басқарады. Егер бұл жерге бизнес келген жағдайда, жер олардың аттарына рәсімделмейді. Бұның барлығы тек тендер жағдайында ұйымдастырылады. Бизнес барлығын жақсы етіп жасайды. Саябаққа кіру ешқашан ақылы болмайды және саябақ ешқашан жеке меншікке өтпейді», — деп сендірді Нұрлан Ұранхаев.

Сонымен қатар, облыс әкімі қала көркін бұзбайтындай етіп, саябақ жанында орналасқан гүл сататын орындарды қалыпқа келтіру қажет екенін атап өтті.

Abai Aqparat.kz

Related Articles