Абай облысында балаларына 5 жыл бойы алимент төлеуден жалтарған азамат анықталды
Абай облысында балаларына 5 жыл бойы алимент төлемей жүрген әке анықталды, – деп хабарлайды Abai Aqparat.kz.
ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, “Нелегал-2022” жедел алдын алу шарасы аясында Семей қалалық Полиция басқармасының Көші-қон қызметінің қызметкерлері алимент төлемей жүрген, өзінің 7 және 9 жастағы кәмелетке толмаған балаларына 5 жыл бойы ақша төлемеген азаматты анықтады. Бес жылда жиналған қарыз соммасы 5 миллион теңгені құраған.
– 29 маусымда іздестіру іс-шаралары барысында Көші-қон қызметінің қызметкерлері бір тәулік ішінде іздестіру бастамастан Бородулиха ауданында алимент төлеуден жалтарған 29 жастағы азаматтың тұрған жерін анықтады. Енді қарызды өндіріп алумен сот орындаушылары айналысады, – делінген баспасөз хабарламасында.
Жыл басынан бері полицейлер алимент төлемеген 100-ден астам адамды анықтады.
Abai Aqparat.kz