Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда қатынасы 4 миллиард доллардан асты

Ү.ж. 10 айында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда қатынасы 4,1 млрд АҚШ долларын құрап, 35% — ға өсті. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин 2022 жылғы 21 желтоқсанда Ташкентте 4-ші өңіраралық Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы барысында хабарлады.

Форум ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – инвестициялар және сыртқы сауда министрі Жамшид Ходжаевтың қатысуымен пленарлық отырыспен ашылды.

«Өзбекстан біз үшін Орталық Азиядағы басты және ұзақ мерзімді серіктес. Біздің достық қарым-қатынастарымыздың локомотиві — елдер арасындағы өзара дамып келе жатқан сауда. Қазақстан Орталық Азия трегінде бірлескен қызметті дамытуға зор мән береді. Форумды өткізу-өңірлік кооперацияны дамытудың және әлемдік нарықта Орталық Азия брендін қалыптастырудың маңыздылығының тағы бір дәлелі», — деп атап өтті Серік Жұманғарин өз сөзінде.

Өз кезегінде Жамшид Ходжаев салыстырмалы артықшылықтар негізінде жоғары технологиялық өндірістерді құруда, халықаралық нарықтарды одан әрі бірлесіп игеру мақсатында қосылған құны жоғары өнім шығару үшін өнеркәсіптік кооперацияны дамытуда күш-жігерді біріктіру ерекше маңызға ие болатынына сенім білдірді.

«Халықаралық нарыққа бірлесіп шығуға қосылған құны жоғары өнімді шығару үшін өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, біздің басымдықтарымызға негізделе жоғары технологиялық өндірістерді құру жөніндегі күш-жігерді біріктіру ерекше маңызға ие. Бірлескен өзара тиімді жобаларды одан әрі ұлғайтудың әлеуеті мол. Ол үшін бізде қажетті ресурстардың бәрі бар – өндірістік, технологиялық, кадрлық және табиғи ресурстар. Ұйымдасқан, бірлескен жұмыс арқылы біз өзбек-қазақ серіктестігін сапалы жаңа деңгейге шығара алатынымызға сенімдімін», — деп атап өтті Жамшид Ходжаев құттықтау сөзінде

Қазіргі уақытта Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің 2021 жылғы желтоқсандағы Қазақстанға мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша екі ел үкіметтерінің алдында сауда көлемін 10 млрд долларға дейін жеткізу міндеті тұр. «Орталық Азия». халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жобасы аталмыш көрсеткішке қол жеткізу жөніндегі практикалық іс-қимыл жоспарының негізгі элементі. Оның мақсаты — үшінші елдердің нарықтарына экспорттауға арналған бірлескен өнімді құру үшін «Солтүстік-Оңтүстік» Орталық Азия экономикалық дәлізінің негізгі алаңына айналу.

Екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперация шеңберінде жалпы сомасы 2,2 млрд АҚШ долларына 38-ден астам жоба жоспарланған, 11 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 10 бірлескен жоба іске асырылды, оның жартысы Қазақстан аумағында. Қалғаны бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Форумда сөз сөйлеген Серік Жұманғарин екі елдің экономикасына тартылатын шетелдік инвестициялардың ерекше рөлін атап өтті. 2005 жылдан бастап 2022 жылдың екінші тоқсанына дейін Өзбекстаннан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 22,7 млн долларды құрады, бұл ретте Өзбекстан экономикасына қазақстандық инвестиция көлемі осы кезеңде 560 млн долларды құрады.

«Әр ел экономикасының шағын көлемін жеке ескере отырып, Орталық Азия өңірі халықаралық капиталды тарту мәселелерінде біртұтас аймақ болуы тиіс деп санаймын. Ол үшін Қазақстанда «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңын, инвестициялық преференцияларды қамтитын барлық қажетті инфрақұрылым құрылды. Біз инвесторлар үшін қақпа болуға дайынбыз», — деді бизнес-форумға қатысушыларға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-сауда және интеграция министрі.

Ол сондай-ақ Қазақстан қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалғастыратынын атап өтіп, өзбек компанияларын бірлескен жобаларды іске асыруға қатысуға шақырды.

Бизнес-форумның қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин мен Жамшид Ходжаев екі елдің уәкілетті органдары басшыларының қатысуымен екіжақты кездесу өткізді, онда экономиканың түрлі секторларындағы ынтымақтастықтың жекелеген мәселелері егжей-тегжейлі пысықталды.

Abai Aqparat.kz

Related Articles