МӘМС: бір жылға алдын ала төлем жасау қалай жүзеге асады және ол кімдерге арналған

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар үшін медициналық сақтандырудың жаңа тәртібі қолданысқа енгізілді. Енді сақтандыру жүйесіне 12 айға алдын ала жарна төлеуге болады. Осы орайда, МӘМС-ке қатысудың жаңа тетігі бойынша дербес төлеушілер тарапынан сауалдар туындап жатыр.

Мәселен, көп жағдайда облыс тұрғындары кейінгі 12 айда менде МӘМС жарналары төленді, мәртебем сақтандырылған. Алдағы жылға жарна төлеуім міндетті ме, әлде оларды ай сайын төлей аламын ба?, – деп сұрап жатады.

Бұл орайда енді жарналарды азамат өзіне ыңғайлы түрде төлей алады, ай сайын, тоқсан сайын жүйелі түрде төлеуді жалғастыра алады немесе 12 айға бірден төлей алады.

Тағы бір жиі қойылып отырған сауал, «Егер МӘМС-ке ешқашан жарна төлемеген болсам, яғни менде бірде-бір төлем жоқ, сәйкесінше мәртебе де жоқ. Осы мүмкіндікті пайдаланып, алдағы 12 айға төлем жасай аламын ба, әлде алдыңғы төленбеген кезеңді өтеуім керек пе?», — деп сауал жолдайды.

Түсіндіреміз. Алдыңғы төленбеген кезеңді өтеудің қажеті жоқ. Бұл норма сіз секілді азаматтарға МӘМС жүйесіне «ауыртпалықсыз» кіруге көмектесуді мақсат етеді. Сіз ағымдағы айға және алдағы 12 айға жарна төлеу арқылы 3 жұмыс күні ішінде сақтандыру мәртебесін ала аласыз.

Abai Aqparat.kz

Related Articles